Дүйсенбі, 16 қараша 2026
ҰЛТТЫҚ БАНК16.11.2026
USD444,30₸0,00
EUR490,91₸0,00
RUB5,41₸0,00
CNY66,59₸0,00
ШҰҒЫЛ
#Жаңалықтар

«ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» 9,4 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕГЕ АРНАЙЫ КИІМ САТЫП АЛМАҚ

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қызметкерлеріне арнайы жұмыс киімдерін сатып алу үшін 9,4 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсауды жоспарлап отыр. Миллиардтаған теңгеге жарияланған тендер туралы ақпарат компания басшылығына қатысты жемқорлық дауы қоғам назарын аударған тұста белгілі болды.

Өткен аптада «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшы қызметкерлерінің біріне қатысты ұстау туралы ақпарат тараған еді. Оқиға кезінде терезеден бума-бума доллар лақтырылғаны хабарланған. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып жатқанда, компанияның тағы бір ауқымды сатып алуы назарға ілікті.

Сатып алу порталындағы мәліметке сәйкес, ұлттық компания жалпы саны 285 264 жиынтық арнайы жұмыс киімін сатып алуды жоспарлаған. Оған бөлінетін қаражаттың жалпы көлемі 9 384 208 816 теңгені құрайды.

Қарапайым есепке сүйенсек, бір жиынтықтың орташа бағасы шамамен 32 900 теңгеден айналады. Арнайы киімдер теміржол саласында еңбек ететін қызметкерлерді суықтан, судан, өндірістік ластанудан және түрлі механикалық әсерлерден қорғауға арналған.

Сатып алу талаптарына сәйкес, жұмыс киімдері еліміздің бірнеше қаласына жеткізілуі тиіс. Теміржол саласында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды болғанымен, миллиардтаған теңгеге жоспарланған сатып алудың экономикалық тиімділігі мен қаражаттың мақсатты жұмсалуы да назар аударуды қажет етеді.

Айта кетейік, 9,4 миллиард теңге – сатып алуға жоспарланған жалпы сома. Тендердің жариялануы қаражаттың толық жұмсалғанын білдірмейді.

Бір апта бұрын компания басшылығына қатысты жемқорлық дауы қоғам назарын аударса, енді миллиардтаған теңгеге жоспарланған сатып алу күн тәртібіне шықты.