Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Network School жобасының негізін қалаушы Баладжи Шринивасанды қабылдап, Қазақстандағы цифрлық технологиялар мен инновациялық білім беруді дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында Президент Network School жобасының еліміздің технологиялық экожүйесін дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда білім, ғылым және цифрлық технологияларға инвестиция салу арқылы жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыруға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бастамасына тоқталды. Аталған бағдарлама аясында мектептер, университеттер, медициналық мекемелер және өзге де әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланған.
Президент Астанада Network School Kazakhstan желісінің іске қосылуын құптап, жобаның отандық жоғары оқу орындарымен, стартаптармен және технологиялық компаниялармен серіктестікті кеңейту бастамасын қолдады. Сондай-ақ Astana AI Film фестиваліне инвестициялық қолдау көрсеткені үшін Баладжи Шринивасанға алғыс айтты.
Өз кезегінде Баладжи Шринивасан Қазақстанның озық технологияларды экономиканың дәстүрлі салаларымен ұштастыру бағытындағы жетістіктерін атап өтті. Ол Network School Kazakhstan жобасының негізгі басымдықтарын таныстырып, цифрлық шешімдерді дамыту, білікті мамандар даярлау және инновацияларды енгізу бағытындағы жоспарларымен бөлісті.