Алматыда үш баласының көзінше азаматтық некедегі әйелін 39 рет пышақтап өлтірген бұрынғы полиция қызметкері Серік Накимовке қатысты сот үкімі шықты. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот бұрынғы полиция қызметкерін аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін кінәлі деп танып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуге үкім шығарды. Сонымен қатар сотталған азамат марқұмның отбасына 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Сот отырысында айыпталушы қылмысты аффект жағдайында жасағанын алға тартқан. Алайда сот оның бұл уәжін қабылдамады.
Марқұмның туыстары сот үкіміне қанағаттанатынын білдірді. Дегенмен олар бұған дейін экс-полицейге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған болатын.
