Дүйсенбі, 16 қараша 2026
ҰЛТТЫҚ БАНК16.11.2026
USD444,30₸0,00
EUR490,91₸0,00
RUB5,41₸0,00
CNY66,59₸0,00
ШҰҒЫЛ
Қылмыс/Оқиға

ОҢТҮСТІК КОРЕЯДА АНА МЕН БАЛАНЫҢ МӘЙІТІ ТАБЫЛДЫ

Оңтүстік Кореяның Чхунбук провинциясында 20 жастағы жігіт пен оның анасының мәйіті табылды. Бұған дейін тараған ақпараттарда марқұмдардың Қазақстан азаматтары екені хабарланған. Алайда кейінгі мәліметтерде олардың Оңтүстік Корея азаматтары екені көрсетілген.

Тергеу барысында жас жігіттің телефон алаяқтарының арбауына түсіп, шамамен 17 миллион теңгесінен айырылғаны белгілі болды.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, алаяқтар жігітке хабарласып, өздерін прокуратура қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар жас азаматтың қылмыстық іске қатысы бар екенін айтып, психологиялық қысым көрсеткен. Кейін оны мотельге орналасып, туыстарымен және жақындарымен байланысын толық үзуге көндірген.

Қылмыскерлер қолданған бұл тәсіл «өзін-өзі оқшаулау» деп аталады. Мұндай әдіс арқылы алаяқтар жәбірленушіні сыртқы көмектен оқшаулап, өз нұсқауларын орындатуға тырысады. Нәтижесінде жігіт олардың талабымен криптовалюта сатып алып, қаражатын көрсетілген электронды әмиянға аударған.

Тергеу барысында алаяқтық әрекеттердің ізі Қазақстанға, нақтырақ айтқанда Алматы қаласына алып келген. Полиция дерегінше, қылмыстық топ 2026 жылдың наурыз-маусым айлары аралығында 100-ден астам адамды алдап, жалпы сомасы 5,8 миллиард вонды, яғни шамамен 2 миллиард теңгені жымқырған.

Анықталғандай, күдіктілер бұған дейін Камбоджа, Таиланд және Вьетнам аумағында да алаяқтық қоңыраулар жасайтын байланыс орталықтарын ұйымдастырған. Биыл шілде айында Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның құқық қорғау органдары бірлескен операция жүргізіп, қылмыстық топқа қатысы бар деген күдікпен 19 адамды ұстаған.

Осы оқиғадан кейін Оңтүстік Корея тарапы халықаралық телефон алаяқтығына қарсы күресті күшейту мақсатында Қазақстанда арнайы полиция бөлімшесін ашу туралы ұсыныс білдірген. Аталған мәселе бойынша Корея полициясы өз елінің Сыртқы істер министрлігіне ресми өтініш жолдаған.