Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде Республика күніне арналған «Қыран елім – Қазақстаным» атты салтанатты іс-шара өтті. Жиынға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, еңбек адамдары, жастар мен тұрғындар қатысты.
Өңір басшысы ұлттық мерекемен құттықтап, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жеті жылда жалпы өңірлік өнім көлемі үш есеге өсіп, 5,4 трлн теңгеге жеткен. Ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1,6 трлн теңгені құраған.
Мерекелік жиында өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік марапаттар табысталды. Сондай-ақ кітап оқу мәдениетін насихаттау мақсатында бірқатар азаматқа кітаптар сыйға берілді. Кеш соңы отандық және шетелдік өнерпаздар, этноансамбльдер мен шығармашылық ұжымдар қатысқан концерттік бағдарламаға ұласты.
Облыста инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, ауыл шаруашылығын дамыту және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. Биылғы тоғыз айда өңір экономикасына 1,3 трлн теңге инвестиция тартылған. Соңғы жеті жылда 330 жоба іске асырылып, 23 мыңға жуық жұмыс орны құрылған.
Сонымен қатар білім беру және медицина нысандарының құрылысы, тұрғын үймен қамту, жолдарды жаңарту, елді мекендерді ауызсу және табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Туризм саласында да өсім байқалады: 2026 жылдың алғашқы жартысында Түркістан өңіріне 217 мың турист келген.



