Дүйсенбі, 16 қараша 2026
ҰЛТТЫҚ БАНК16.11.2026
USD444,30₸0,00
EUR490,91₸0,00
RUB5,41₸0,00
CNY66,59₸0,00
ШҰҒЫЛ
#Мереке

РЕСПУБЛИКА КҮНІНДЕ ТҮРКІСТАНДА 588 ПӘТЕРІ БАР 14 ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түркістан қаласында Республика күні мен қала күні қарсаңында 7 қабатты 14 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы саны 588 пәтерді құрайтын тұрғын үй кешені Әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында орналасқан.

Салтанатты рәсімге қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров баспана иелеріне пәтер кілттерін табыстап, тұрғындарды қоныстойымен құттықтады. Өңір басшысы тұрғын үй құрылысы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.

Облыс әкімінің мәліметінше, 2018–2025 жылдары Түркістан облысында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жалпы ауданы 1 миллион 261 мың шаршы метр болатын 23 633 пәтер берілген.

Жаңа тұрғын үй кешені 3,5 гектар аумақты алып жатыр. Мұндағы 588 пәтердің 194-і жалдамалы баспана ретінде берілсе, қалған 394-і жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы үлестіріледі. Пәтерлердің жалпы ауданы 36 720,6 шаршы метрді құрайды.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында 2 434 пәтер пайдалануға берілді. Оның ішінде Түркістан қаласында 43 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, 2 мыңнан астам пәтер ел игілігіне тапсырылған. Қазіргі таңда қалада 23 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр.