Республика күніне орай Түркістан қаласында бесінші рет Turkistan Marathon халықаралық жарысы ұйымдастырылды. Биыл марафонға әлемнің 26 елінен 3 мыңнан астам қатысушы жиналды.
«Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қоры облыс әкімдігінің қолдауымен өткізген жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. Ол марафонның бұқаралық спортты дамытуға және Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Қатысушылар 42,2 шақырымдық марафон, 21,1 шақырымдық жартылай марафон, 10 шақырымдық жүгіру, скандинавиялық жүріс және балаларға арналған 3 шақырымдық жарыс бойынша бақ сынады. Жарыстың сөресі мен мәресі Karavan Saray кешені маңында орналасты.
Turkistan Marathon халықаралық марафондар мен жүгіру жарыстары қауымдастығының (AIMS) күнтізбесіне енгізілген. Сонымен қатар оның трассасы World Athletics стандарттарына сәйкес сертификатталған. Марафон спорт пен туризмді ұштастырып, Түркістанның халықаралық деңгейдегі тартымдылығын арттыруға бағытталған.



