Республика күні қарсаңында Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдерге арналған ұлттық спорт кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысанда 300-ге жуық спортшы қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату және садақ атумен айналыса алады.
Спорт кешенінің ашылу салтанатына қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, жаңа нысанның ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен жас спортшыларды тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.
Жергілікті бюджет есебінен салынған кешеннің құны – 619,5 млн теңге. Ғимарат 0,7 гектар аумақта орналасқан, жалпы ауданы – 820 шаршы метр. Мұнда 9 жаттықтырушы жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға көмектеседі.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысында жалпы құны 11,3 млрд теңгеге 58 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда оның 31-і пайдалануға берілген.



