Түркістан қаласындағы «Рәміздер» алаңында Республика күніне арналған Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, жастар, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.
Мерекелік рәсім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Көк байрақ көкке көтеріліп, мемлекеттік рәмізге құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жұртшылықты Республика күнімен құттықтап, мерекенің тарихи маңызына тоқталды. Ол 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация ел тәуелсіздігінің құқықтық негізін қалыптастырған маңызды құжат болғанын атап өтті.
Әкімнің айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында халықаралық аренадағы орнын айқындап, дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Мемлекеттік Ту – азаттықтың, ел бірлігі мен ортақ мақсаттың символы. Сондықтан көк байраққа құрмет көрсету өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық рухты қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Іс-шара барысында патриоттық әндер шырқалып, мерекелік көңіл күй салтанаттың мазмұнын аша түсті. Қатысушылар ұлттық құндылықтарды қастерлеу, тәуелсіздікті бағалау және ел бірлігін нығайтудың маңызын атап өтті.



