Дүйсенбі, 16 қараша 2026
ҰЛТТЫҚ БАНК16.11.2026
USD444,30₸0,00
EUR490,91₸0,00
RUB5,41₸0,00
CNY66,59₸0,00
ШҰҒЫЛ
Қоғам

РЕСПУБЛИКА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ЖҮЗДЕГЕН АЗАМАТ МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Мемлекет басшысы Республика күні қарсаңында бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Марапаттар елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына, қоғамдық келісім мен халықтар арасындағы достықты нығайтуға үлес қосқан азаматтарға берілді.

Марапатталғандардың қатарында еңбек ардагерлері, өндіріс және бизнес өкілдері, педагогтер, ғалымдар, медицина қызметкерлері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының мамандары, спортшылар мен мәдениет қайраткерлері бар.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы «Kazakhmys Smelting» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы Ә. Доспановқа берілді. Композитор А. Қоразбаев «Отан» орденімен марапатталды.

І дәрежелі «Барыс» орденіне Т. Жұмағұлов пен актер Н. Ықтымбаев, ІІ дәрежелі орденге Е. Мәмбетқазиев пен Қ. Уәлиев, ІІІ дәрежелі орденге В. Тюркин мен С. Шаңғұтов ие болды.

«Парасат» орденімен тілтанушы Н. Уәли, археолог А. Подушкин, Қарағанды медициналық университетінің профессоры М. Түсіпбекова және басқа да азаматтар марапатталды. «Құрмет» ордені өндіріс, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және қоғамдық қызмет салаларындағы бірқатар маманға табысталды.

Қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Г. Аннакулиева, У. Джанаев, Д. Редлер және Д. Ромащенко «Ел бірлігі» орденімен марапатталды.

Сонымен қатар бірқатар азаматқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы», «Қазақстанның халық әртісі» және «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атақтары берілді. Әскери және қызметтік борышын атқаруда ерлік пен жанқиярлық танытқан әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының өкілдері де мемлекеттік наградаларға ие болды.

Жарлыққа сәйкес, марапатталғандардың қатарында 129 еңбек ардагері, өнеркәсіп, көлік, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы 473 жұмысшы, шағын және орта бизнестің 200-ден астам өкілі, 150-ден аса педагог пен ғалым, сондай-ақ 120-ға жуық медицина қызметкері бар.