Дүйсенбі, 16 қараша 2026
ҰЛТТЫҚ БАНК16.11.2026
USD444,30₸0,00
EUR490,91₸0,00
RUB5,41₸0,00
CNY66,59₸0,00
ШҰҒЫЛ
#Технология және инновация

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1 000 МВт ҚУАТТЫ ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫ САЛЫНЫП ЖАТЫР

Түркістан облысының Сайрам ауданында қуаттылығы 1 000 МВт болатын бу-газ электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Өңірдің энергетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жобаның іске асырылу барысы облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде талқыланды.

Жиын барысында жауапты мамандар құрылыс-монтаж жұмыстарының қазіргі жағдайы, өндірістік кестенің орындалуы және алдағы жоспарлар жөнінде баяндады. Сондай-ақ жобаның негізгі кезеңдері сараланып, құрылыс жұмыстарының үздіксіз жүргізілуіне әсер етуі мүмкін мәселелер қаралды.

Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев электр станциясының өңір үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай ірі энергетикалық нысандарды іске асыруда жауапты мекемелердің өзара үйлесімді жұмысы мен туындаған мәселелерді дер кезінде шешуі маңызды.

Кеңесте құрылыс барысындағы ықтимал тәуекелдерге де назар аударылды. Атап айтқанда, жобаны жүзеге асыруға қатысатын ұйымдар арасындағы байланысты нығайту, ұйымдастырушылық мәселелерді жедел шешу және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті қолдау көрсету тетіктері талқыланды.

Қуаттылығы 1 000 МВт болатын бу-газ электр станциясы өңірдегі электр энергиясын өндіру мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Жоба жүзеге асқан жағдайда Түркістан облысының энергетикалық тұрақтылығын нығайтуға және электр қуатына деген сұранысты қамтамасыз етуге үлес қосады.

Жиын қорытындысында жауапты ұйымдарға өзара іс-қимылды күшейтіп, жобаның белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес жүзеге асырылуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігі айтылды.