Өскеменде 12 жастағы қызын туған күнімен құттықтап, сүйген әкенің әрекетіне қатысты жүргізілген полиция тексерісі аяқталды. Құқық қорғау органдары аталған жағдайдан қылмыс белгілерін анықтамаған.
Бұл туралы Құрылтайда өткен брифинг барысында Ішкі істер министрлігінің өкілі Асхат Дүйсембеков мәлімдеді. Оның айтуынша, тексеру нәтижесінде қылмыс құрамы анықталмағандықтан, жиналған материалдарды номенклатуралық іске өткізу туралы шешім қабылданған.
Алайда қоғамда қызу талқыланған оқиғаға қатысты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова өз ұстанымын білдірді. Министр бейнежазбадағы әрекетті «қарым-қатынастың жол беруге болмайтын түрі» деп бағалады. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында балаларға жеке шекараны сақтау, қауіпсіздік және өз құқықтарын қорғау мәселелері түсіндірілетінін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Өскемен қаласында түсірілген әке мен қыздың бейнежазбасы кеңінен таралып, қоғам арасында түрлі пікір туғызған болатын. Кадрларда ер адамның қызын туған күнімен құттықтап, сүйген сәті бейнеленген. Желі қолданушыларының бір бөлігі бұл әрекетті сынға алса, енді бірі әкенің баласына деген мейірімін қате түсінбеуге шақырған.
Оқиғадан кейін құқық қорғаушы Ләззат Рақышева полиция мен балалар омбудсменіне жүгініп, бейнежазбадағы жағдайға құқықтық баға беруді сұраған. Осыдан соң құзырлы органдар тиісті тексеру жұмыстарын жүргізді.
Қоғамдық талқылаудан кейін қыздың ата-анасы да көпшілікке түсініктеме берді. Әкесі қызын бетінен сүйіп, мұрнын иіскегенін айтып, әлеуметтік желіде өзіне қатысты айтылған айыптаулармен келіспейтінін жеткізді. Сондай-ақ ар-намысы мен құқығын сот арқылы қорғауға ниетті екенін мәлімдеді.



