Дүйсенбі, 16 қараша 2026
ҰЛТТЫҚ БАНК16.11.2026
USD444,30₸0,00
EUR490,91₸0,00
RUB5,41₸0,00
CNY66,59₸0,00
ШҰҒЫЛ
Мәдениет/Тарих

АСТАНАДА ШЫМКЕНТТІҢ КРЕАТИВТІ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

24–25 қазанда Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Шымкент қаласының креативті жәрмеңкесі өтті. Креативті индустрияларды дамыту қорының Creative Aimaq жобасы аясында ұйымдастырылған іс-шараға қолөнер шеберлері, дизайнерлер, өнер өкілдері мен инновациялық жобалар авторлары қатысты.

Жәрмеңкенің басты мақсаты – өңірлік шығармашылық өнімдерді кеңінен таныстыру, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау және олардың нарықтағы мүмкіндіктерін арттыру. Көрмеге ұлттық киімдер, авторлық әшекейлер, кілемдер, қыштан, киізден, теріден және ағаштан жасалған бұйымдар қойылды. Келушілер технологиялық жобалармен де танысты.

Іс-шараның мәдени бағдарламасы музыка, театр және анимация өнерін қамтыды. «Қаратау» музыкалық ансамблі өнер көрсетсе, Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры Шәмші Қалдаяқов пен Ержан Серікбаевтың шығармашылығына арналған «О, қала!» әдеби-музыкалық спектаклін ұсынды.

Республика күні қарсаңында өткен жәрмеңкенің екінші күнінде «САҚ» киностудиясының «Айбынды аула», «Тоқты мен Серке» анимациялық туындылары және «Ахмет» мультфильмі көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар қатысушыларға ұлттық әшекей жасау, киізбен жұмыс істеу және құрақ көрпе тігу бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Екі күн ішінде жәрмеңкеге 3 500 адам қатысып, шығармашылық кәсіп иелері 5 миллион теңгеден астам өнім сатты.

Айта кетейік, Creative Aimaq жобасы өңірлік брендтерді танытуға, креативті кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге және отандық өнімдердің өткізу нарығын кеңейтуге бағытталған.