Дүйсенбі, 16 қараша 2026
ҰЛТТЫҚ БАНК16.11.2026
USD444,30₸0,00
EUR490,91₸0,00
RUB5,41₸0,00
CNY66,59₸0,00
ШҰҒЫЛ
Саясат

ТҮРКІСТАНДА САЙЛАУ ӨТПЕЙ ЖАТЫП, БӘРІ ШЕШІЛІП ҚОЙДЫ МА?

Сайлау деп сайрауға тура келіп тұр. Ашынғаннан ащы дауысты шығармасқа болмады. Түркістан облысында сайлау өтпей жатып, төраға сайланып қойғандай әсер қалдыратын жағдай туындады. Бұл қалай? Әлде өңірде сайлаудың біз білмейтін басқа тәртібі бар ма?

Елімізде мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашада өтеді. Ал сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 1 қараша күні сағат 18:00-де басталды. Алайда саяси науқанның алғашқы күндерінен-ақ Түркістан облысында жауап күткен сұрақтар көбейді.

Мәселенің мәнісі – Gov.kz порталында жарияланған ресми ақпаратта. Заң бойынша мәслихат депутаттарын халық, ал төрағаны депутаттар өз арасынан сайлайды. Сонда сайлау өтпей жатып, төраға туралы мәлімет қалай жарияланды? Әлде халықтың таңдауын күтудің қажеті жоқ па?

Бір қызығы, кейін порталда төраға ретінде көрсетілген азаматтың мәртебесі «жеке кәсіпкер» болып өзгергенін байқадық. Бірақ қандай кәсіппен айналысатыны, қандай кәсіпорынды басқаратыны көрсетілмеген. Ашық дереккөздерден де нақты ақпарат таба алмадық. Бұл техникалық қателік пе, әлде асығыс жасалған түзету ме? Мемлекеттік порталдағы мәліметтің дұрыстығына кім жауап береді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әділдік пен заң үстемдігін талап етеді. Ал өңірдегі саяси үдерістерге қарасаң, ескі сүрлеуден әлі шыға алмай жүргендейміз. Партия ұсынған кандидаттардың тізімінде бұрынғы депутаттар мен елге таныс есімдер аз емес. Сонда жаңару қайда? Жастарға жол беру туралы уәделер қайда? Сайлауға қомақты қаржы жұмсап, бұрынғы құрамды қайта жасақтайтын болсақ, өзгерістің мәні неде?

Сарыағашта да сұрақ тудырған жағдай бар. Алмас Салимовтың немере інісі аудандық мәслихат депутаттығына партия атынан ұсынылғаны жөніндегі ақпарат жұртшылық арасында талқыланды. Бұл мәселені партияның облыстық филиалын басқаратын Алмас Салимовтың өзінен де сұрадық. Әрине, әр азаматтың сайлауға түсуге құқығы бар. Бірақ кандидаттарды іріктеуде біліктілік пен халық сенімі басты өлшем бе, әлде туыстық байланыстың да ықпалы бар ма? Мұндай күмәнге ашық жауап берілуі тиіс.

Партия ұсынған тізімдегі тағы бір таныс есім – Жаңабай Ағабеков. Оңтүстік тұрғындарын Солтүстікке көшіру және әлеуметтік тұрғын үй салу бағытындағы қызметімен белгілі азамат кезінде жастарға орын беретінін айтқан еді. Алайда өзі қайтадан мәслихат депутаттығына кандидат болып ұсынылып отыр. Сонда жастарға жол беремін деген уәде қайда қалды? Айтылған сөз бен бүгінгі шешімнің арасындағы қайшылықты қалай түсінеміз? Әрине, қайта сайлануға ұмтылу – заңды құқық. Бірақ халық алдында берілген уәденің де сұрауы бар.

Тізімде Мағауия Тұрысбековтің де есімі аталады. Осы тұста медициналық қолғаптарды мемлекеттік сатып алуға қатысты Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы еске түседі. Аудит мәліметіне сәйкес, «KazMedProm» компаниясы мемлекетке шамамен 8 миллиард теңгеге медициналық қолғап жеткізген. Тексеру барысында Таиландтан импортталған өнімдерге қатысты және сатып алу бағасының нарықтық ұсыныстардан жоғары болуына байланысты мәселелер анықталған. Аудиторлардың есебінше, мемлекет 5,3 миллиард теңге артық төлеген.

Бес миллиард үш жүз миллион теңге! Бұл – халықтың қаржысы. Алайда кейінгі прокурорлық тексеруде импортталған қолғаптарды өңдеу әрекеті заңды деп бағаланғаны хабарланды. Сонда аудит көрсеткен миллиардтаған теңгенің баға айырмашылығына кім жауап береді? Бұл ретте Мағауия Тұрысбековтің аталған компаниямен және мәмілелермен нақты байланысы да құжаттар негізінде анықталуы қажет. Аудит қорытындысын жеке адамның кінәсінің дәлелі ретінде қарастыруға болмайды.

Бұрынғы депутаттардың қайта сайлауға қатысуы заңды. Бірақ олардың өткен қызметі, берген уәделері мен халық алдындағы жауапкершілігі назардан тыс қалмауы тиіс. Президент айтқан «Әділетті Қазақстан» қағидаты өңірлердегі саяси шешімдерден де көрінуі керек.

Мәслихат – біреудің жеке меншігі емес. Депутаттық мандат – мұраға қалатын орынтақ емес. Ал сайлау алдын ала шешіліп қойған нәтижені рәсімдейтін науқанға айналмауы тиіс.

Біз ешкімнің сайлану құқығына қарсы емеспіз. Бірақ әр кандидаттың өткен қызметін саралап, уәдесін еске салып, қоғамды толғандырған сұрақтарға жауап іздеуге құқылымыз.

Экс-депутаттардың ел үшін атқарған «ерен еңбегін» айтып тауысуға бір күн жетпейді. Әлі талай мәселені жіліктеп жеткіземіз.

Қуырдақтың көкесінен құр қалып кетпеңіз. Түйе сойылып жатыр!

Айгерім АЙТАХАНОВА