Дүйсенбі, 16 қараша 2026
ҰЛТТЫҚ БАНК16.11.2026
USD444,30₸0,00
EUR490,91₸0,00
RUB5,41₸0,00
CNY66,59₸0,00
ШҰҒЫЛ
Саясат

ПРЕЗИДЕНТ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА ЖОЛДАУ ЖАРИЯЛАДЫ

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Президент елдің алдағы даму бағдарын айқындап, экономиканы нығайту, инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың әл-ауқатын арттыру, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жасанды интеллектіні кеңінен енгізу бағытындағы бірқатар маңызды міндетті белгіледі.

Жолдаудағы басты бастамалардың бірі – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы. Мемлекет басшысы 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Осы мақсатта 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделіп отыр. Оның ішінде биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды бастау үшін 1,5 триллион теңге қарастыру тапсырылды.

Бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынып, жаңғыртылады. Алғашқы кезеңде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны, сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталады. Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған спорт залдары бой көтереді. Сонымен қатар көптеген елді мекенге газ және таза ауыз су жеткізу жоспарланған.

Президент Ұлттық қор қаражатын пайдалану кезінде жинақтау мен жұмсау арасындағы теңгерімді сақтау қажеттігін ескертті. Бөлінген қаржының экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы шарт. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарына жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін тарту, отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарының өндірісін дамыту міндеті қойылды.

Көлік-логистика саласын дамыту да стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде белгіленді. Келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісі іске қосылып, Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігі 20 миллион тоннаға артады. Ал «Арал – Каспий» күре жолы Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу уақытын үш күнге дейін азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар «Көкшетау – Петропавл» тас жолын кеңейту, автокөлік өткізу бекеттерін жаңғырту және республикалық әрі жергілікті жолдардың сапасын жақсарту тапсырылды. Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмысы аяқталған. Алдағы уақытта Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайлары іске қосылады. Келесі жылы Астанада жаңа әуежай құрылысы басталмақ.

Энергетикалық қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы Қазақстан 2029 жылға қарай электр энергиясын артығымен өндіретін деңгейге жетуі керектігін айтты. Ол үшін жаңа электр станцияларын салу, қолданыстағы нысандар мен желілерді жаңғырту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту қажет. Сонымен қатар келесі жылы «Балқаш» атом электр станциясының құрылысын бастау, «Мойынқұм» АЭС жобасын жеделдету жөнінде ұсыныс білдірді.

Ауыл шаруашылығы саласында фермерлерді ұзақ мерзімді қаржыландыру, суармалы егіншілікті дамыту және өнімді терең өңдеу міндеттері белгіленді. Президент агроөнеркәсіп кешеніне жасанды интеллект технологияларын енгізуді, отандық тракторлар мен комбайндар өндірісін арттыруды тапсырды. Сондай-ақ су ресурстарын үнемдеу, су пайдалану саласындағы тарифтік реформаны аяқтау және Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құру қажеттігін атап өтті.

Түркістан облысына қатысты маңызды бастамалардың бірі – заманауи мақта-тоқыма кластерін дамыту. Президент өңірде қытайлық компанияның суды тиімді пайдалануға негізделген өндіріс жобасын жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Мұндай тәжірибені ел аумағында кеңінен тарату және инвесторларға қолдау көрсету тапсырылды.

Инвестициялық саясатты жетілдіру аясында Алатау қаласын дамыту мәселесі де қозғалды. Мемлекет басшысы қаланың инвестиция мен кәсіпкерлікке қолайлы орталыққа айналуы керектігін айтты. Ол үшін арнайы құқықтық режим қалыптастырып, халықаралық үлгідегі инвестициялық сот құру ұсынылды.

Шағын және орта бизнесті қолдау бағытында да бірқатар бастама көтерілді. Атап айтқанда, Президент микро және шағын бизнесті тексеруге 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үш жылдық мораторий енгізу мәселесін Құрылтай депутаттарымен бірлесіп талқылауды ұсынды. Сонымен қатар орта бизнесті ұзақ мерзімді қаржыландыру, мемлекеттік сатып алуға отандық кәсіпорындарды кеңінен тарту және кәсіпкерлерге жасалатын заңсыз кедергілерді жою міндеті қойылды.

Цифрлық экономиканы қалыптастыру да Жолдаудың негізгі бағыттарының бірі болды. Мемлекет басшысы Digital Qazaqstan стратегиясын жүйелі жүзеге асыруды, жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына енгізуді тапсырды. Елде екі суперкомпьютер іске қосылған, жыл соңына дейін үшінші қуатты компьютер пайдалануға беріледі. Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу жұмысы аяқталған. Ендігі міндет – осы технологиялық мүмкіндіктерді нақты экономикалық нәтижеге айналдыру.

Әлеуметтік салада ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру тапсырылды. Бұл келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап 1,8 миллион адамның табысына әсер етеді. Сонымен қатар учаскелік қызмет мамандарының жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды.

Денсаулық сақтау саласында сегіз заманауи перинаталды орталық пен жеті көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарланған. Инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше қажеттілігі бар балаларға қажетті инфрақұрылым қалыптастыру және маман тапшылығын азайту мәселелері де назардан тыс қалмады. Президент мұғалімдердің артық жүктемесін азайтып, қағазбастылықты тоқтату қажеттігін ерекше атап өтті.

Мемлекеттік басқару жүйесін реформалау, бюджет қаражатын тиімді пайдалану және инфляцияны төмендету де маңызды міндеттер қатарында. Мемлекет басшысы мемлекеттік аппаратты цифрландыруды, жасанды интеллект арқылы қайталанатын міндеттерді қысқартуды және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби жауапкершілігін арттыруды тапсырды. Сонымен бірге жаңа Азаматтық кодексті әзірлеп, оны келесі жылдың соңына дейін қабылдау ұсынылды.

Жолдаудың қорытынды бөлімінде Президент елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясын әзірлеу, қоғамда «Адал азамат» идеологиясын орнықтыру және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту қажеттігін айтты. Оның пікірінше, Қазақстанның болашағы білім мен ғылымға, озық технологияларға, адал еңбек пен азаматтардың жауапкершілігіне негізделуі керек.

Мемлекет басшысы көтерілген бастамалардың түпкі мақсаты – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, ел экономикасының әлеуетін арттыру және келер ұрпаққа қуатты, өркениетті әрі жаңарған мемлекет қалдыру екенін атап өтті.