Түркістан облысы Отырар ауданындағы Сырдария елді мекенінде «Түркістан тоқыма» ЖШС-нің тағы екі мақта өңдеу зауыты ашылды. Осылайша, кәсіпорынның төрт зауыты толық іске қосылып, 100-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылды.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 17,129 млрд теңгені құрайды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында орналасқан зауыттар жылына 320 мың тонна мақта шикізатын өңдеп, 110 мың тонна мақта талшығын өндіруге мүмкіндік береді.
Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жаңа өндіріс орындарының өңір экономикасын дамытудағы маңызын атап өтті. Кәсіпорындарда мақтаны тазалау, кептіру, талшығын тұқымынан ажырату және дайын өнімді қаптау кезеңдерін қамтитын заманауи технологиялар қолданылады.
Жаңа зауыттардың іске қосылуы жергілікті шикізатты терең өңдеуге, отандық өндірісті дамытуға және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.



