Түркістан облысының Кентау қаласындағы индустриялық аймақта өнеркәсіптік металл құрылымдары мен бұйымдарын өндіретін жаңа зауыт жұмысын бастады. Республика күні қарсаңында ашылған кәсіпорынға 1,5 млрд теңге инвестиция тартылып, 30 жаңа жұмыс орны құрылды.
Өндіріс орнының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, кәсіпорын ұжымын құттықтады. Ол жаңа жобаның өңір экономикасын дамытуға, өнеркәсіптік әлеуетті арттыруға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал ететінін атап өтті.
«АйдарСтройГрупп» ЖШС-не тиесілі зауыт өнеркәсіпке арналған металл құрылымдары мен металл бұйымдарын өндіруге маманданған. Жоба аясында Кентау қаласының индустриялық аймағынан 1,5 гектар жер телімі бөлінген. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, негізгі технологиялық жабдықтар орнатылған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 100 дана өнім шығаруға есептелген.
Зауытқа қажетті инфрақұрылым тартылып, электр желісі қосылған және трансформатор орнатылған. Сонымен қатар кәсіпорынды табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізілген.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі өндіріс орнымен танысып, индустриялық аймақты аралады. Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға жаңа өндіріс орындарын ашу және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Жаңа зауыттың іске қосылуы Кентаудың өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, өңірде отандық өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.



