Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттердің қазасынан кейін кадрлық өзгерістер болды. Оқу орнының әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректоры мен География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылды. Енді университеттің жұмысына Ғылым және жоғары білім министрлігі тексеру жүргізбек.
Университеттің ресми мәлімдемесіне сәйкес, қайғылы оқиға болған күні жатақханада кезекшілікте тұрған жауапты қызметкерлер де жұмыстан шеттетілген. Олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілмек.
Еске салайық, 16 қарашаға қараған түні География және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студенті қаза тапқан болатын. Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, адам өліміне қатысы бар деген күдікпен бір адамды ұстады.
Бұған дейін, 6 қарашада, осы университеттің Журналистика факультетінде білім алған бірінші курс студенті де өмірден озған еді. Қысқа уақыт аралығында болған екі қайғылы жағдайдан кейін жоғары оқу орнындағы студенттердің қауіпсіздігі мәселесі назарға алынды.
Осыған байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігі ҚазҰУ-ға арнайы мониторингтік топ жіберетін болды. Тексеру барысында студенттердің өмірі мен денсаулығын қорғауға қатысты заң талаптарының сақталуы, университеттегі тәрбие жұмыстары мен әлеуметтік-психологиялық қолдау жүйесінің тиімділігі зерделенеді.
Министрлік мәліметінше, жанжалды жағдайлардың алдын алу, студенттердің шағымдарына дер кезінде жауап беру және психологиялық көмек көрсету тетіктеріне ерекше назар аударылады.
Мониторинг қорытындысы бойынша анықталған мәселелерді шешуге және студенттердің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған қосымша шаралар әзірленбек.



