Сейсенбі, 17 қараша 2026
ҰЛТТЫҚ БАНК17.11.2026
USD444,40₸+0,10
EUR488,97₸−1,94
RUB5,39₸−0,02
CNY66,66₸+0,07
ШҰҒЫЛ
Саясат

ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТАРЫ ЕКІ АПТАДА 155 КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Құрылтай депутаттары Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіру мақсатында еліміздің барлық өңірінде 155 кездесу өткізді. Екі аптаға созылған кездесулерге 18 мыңға жуық азамат қатысып, ел дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Құрылтайдағы барлық фракцияның депутаттары ұйымдастырған кездесулерге өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларының өкілдері, педагогтер, медицина қызметкерлері, кәсіпкерлер, ғалымдар, студенттер мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Жиындарда Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бастамасына ерекше назар аударылды. Депутаттар аталған жобаның мектептер, ауруханалар, спорт және мәдениет нысандарын салумен шектелмей, жолдарды, коммуналдық желілерді және өзге де инфрақұрылымды кешенді жаңартуды көздейтінін түсіндірді.

Кәсіпкерлермен және еңбек ұжымдарымен өткен кездесулерде инвестиция тарту, отандық өндірісті қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері көтерілді. Сонымен қатар өндірісті цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, энергетикалық қуаттарды арттыру және еңбек өнімділігін көтеру бағыттары талқыланды.

Білім беру мен денсаулық сақтау салаларына қатысты мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, мамандар даярлау, ғылымды дамыту, еңбек жағдайларын жақсарту және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Ал аграрлық сектор өкілдері фермерлерді қолдау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және су ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде ұсыныстарын жеткізді.

Кездесулердің маңызды бөлігі тұрғындармен ашық диалог форматында өтті. Азаматтар депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдеріне тікелей сауал қойып, өңірлердегі өзекті проблемаларды көтерді. Сондай-ақ оларды шешуге қатысты нақты ұсыныстарын білдірді.

Бұдан бөлек, қоғамдық келісімді нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтау, мәдениет пен спортты дамыту және азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелері қозғалды.

Депутаттардың өңірлерге сапары барысында жиналған ұсыныстар алдағы заң шығару жұмысы кезінде ескерілмек. Сондай-ақ тұрғындар көтерген мәселелер Президент Жолдауында айқындалған міндеттердің орындалуын бақылау барысында назарға алынатын болады.