ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ – ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ҚҰРУДЫҢ БЕРІК НЕГІЗІ
Бұл – мемлекет дамуының жаңа бағытын айқындап, ел болашағына тың серпін берген тарихи шешім.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның күшіне енуіне орай жасаған үндеуінде аталған өзгерістер Қазақстанның одан әрі өркендеуіне жол ашатынын атап өтті.Президенттің айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануы – бүкіл халықтың ортақ таңдауы мен ерік-жігерінің нәтижесі. Құжат елдегі саяси және экономикалық реформаларды тереңдетуге, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Осылайша, тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа кезеңіне жол ашылды.Жаңартылған Конституция мемлекеттік институттарды, саяси жүйені және азаматтық қоғамның дамуын жаңғыртуға негіз болады. Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім мен жауапкершілікті арттыру, халықтың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейту – негізгі басымдықтардың бірі.Бұл өзгерістер еліміздің барлық өңірі сияқты Кентау қаласының дамуына да тікелей әсер етеді. Өйткені Конституцияда бекітілетін құқықтық қағидаттар азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізі саналады.Кентау – Түркістан облысындағы өзіндік тарихы мен қалыптасқан өндірістік әлеуеті бар шаһар. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, кәсіпкерлікті қолдау және тұрғындарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсету – бүгінгі күннің маңызды міндеттері. Жаңа конституциялық өзгерістер осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге құқықтық негіз қалыптастырады.Жалпыұлттық референдум барысында қазақстандықтар ел тағдырына тікелей ықпал ететін маңызды таңдау жасады. Миллиондаған азаматтың белсенділігі мен азаматтық ұстанымы халықтың мемлекет болашағына деген жауапкершілігін көрсетті. Бұл тарихи шешім тәуелсіз Қазақстанның даму жолындағы маңызды кезең ретінде есте қалмақ.Мемлекет басшысы Конституция күнінің ендігі уақытта «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтетінін атап өтті. Конституция – елдің құқықтық негізін айқындайтын басты құжат. Екі ұғымның үндесуі қоғамдағы тұрақтылық пен жаңарудың өзара байланысын көрсетеді.Бұл құндылықтар Кентау қаласы үшін де маңызды. Қала тұрғындарының бірлігі, қоғамдық келісім және өзара жауапкершілік шаһардың тұрақты дамуына негіз болады. Әсіресе жастардың білім алып, еңбек етуіне, кәсіп бастауына және өз қабілетін жүзеге асыруына мүмкіндік жасау – қаланың болашағы үшін маңызды бағыт.Жаңа Конституция әділетті қоғам құру жолындағы заң мен тәртіп, еңбекқорлық, жауапкершілік, білім мен ғылымға ұмтылу, табиғатты қорғау секілді құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Бұл қағидаттар күнделікті өмірде орныққан жағдайда Кентаудың да әлеуметтік ахуалы мен даму қарқынына оң әсер етеді.Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалардың басты мақсаты – әр азаматтың құқықтары мен мүдделерін қорғау, тең мүмкіндік қалыптастыру және халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл міндеттер Кентау тұрғындарына да ортақ. Президент өз үндеуінде ел болашағының табысты болуы халықтың ауызбіршілігі мен ынтымағына байланысты екенін атап өтті. Сондықтан қоғамдық келісімді сақтау, өзара құрмет пен жауапкершілікті нығайту – Кентау тұрғындарын да біріктіретін ортақ құндылық.



