Мерекеге орай бүгін біз қаламызда белсенді өмір сүру орталығын ашып, пайдалануға бердік. Ардагерлеріміздің денсаулығын жақсартып, ұзақ өмір сүруіне қолдау көрсететуді, жан-жақты ізденуіне және құқықтық сауаттылығын жетілдіруді мақсат тұтқан бұл мекен қарттарымыздың көңілінен шығады деп сенемін. Отанымыздың өсіп-өркендеуіне, еліміздің бірлікте, ынтымақпен өмір кешуіне қадірлі қарияларымыздың қосқан үлесі зор. Бүгінгі мереке — өмірін тынымсыз еңбекпен өріп, егеменді еліміздің аяққа нық тұруына себепші болған алдыңғы буын аға-апаларымыздың төл мерекесі деп білемін. Қадірменді қариялар! Сіздердің жүрген жолдарыңыз бүгінгі ұрпаққа теңдессіз үлгі-өнеге. Сіздер – елдің асыл қазынасысыздар. «Халықтан — қайырымдылықты, Қариядан пайымдылықты үйрен» дейді дана халқымыз. Кейінгі ұрпақтың ақылшысы, Сіздерге амандық тілеймін! Денсаулықтарыңыз қуатты, шаңырақтарыңыз шуақты болсын!
НҰРБОЛ ТҰРАШБЕКОВ ҚАРИЯЛАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ



