30 қарашадан бастап Алматы мен Жапония астанасы Токио арасында тұрақты тікелей әуе қатынасын іске қосу жоспарланып отыр. Жаңа бағыт бойынша рейстерді Air Astana әуе компаниясы аптасына екі рет орындайды.
Ұшақтар Токио қаласындағы Нарита халықаралық әуежайына қатынайды. Жолаушыларды тасымалдауға Airbus A321LR әуе кемелері пайдаланылады.
Әуе компаниясының мәліметінше, Алматыдан Токиоға ұшу ұзақтығы шамамен 7 сағат 30 минутты құрайды. Ал кері бағыттағы сапар 9 сағат 25 минутқа созылады.
Жаңа бағытқа әуе билеттерінің сатылымы 2 қазанда басталған. Тікелей рейстің ашылуы Қазақстан мен Жапония арасындағы туристік, іскерлік және экономикалық байланыстарды дамытуға қосымша мүмкіндік береді.



