Атырау облысының дәрігерлері ана өмірін сақтап қалуға және босану кезіндегі ауыр асқынулардың алдын алуға бағытталған еуропалық тәжірибені меңгеруде. Осы мақсатта өңірге Италиядан білікті маман шақырылып, акушерлік және гинекологиялық хирургия бойынша арнайы оқыту ұйымдастырылды.
16–20 қараша аралығында Атырау облыстық перинаталдық орталығында «Заманауи акушерлік және гинекологиялық хирургияның өзекті мәселелері» тақырыбында бес күндік шеберлік сабағы өтуде.
Оқытуды Римдегі Агостино Джемелли атындағы университеттік клиниканың аға консультант-дәрігері, медицина ғылымдарының докторы Даниэла Ромуальди жүргізуде. Шеберлік сабағына облыстық перинаталдық орталықтың, Атырау қалалық перзентханасының және жеті аудандық аурухананың дәрігерлері қатысуда.
Бағдарлама асқынған босану жағдайларында медициналық көмектің сапасын арттыруға, күрделі акушерлік жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға және әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтауға бағытталған.
Жобаны AYALA қайырымдылық қоры Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен, «Теңізшевройл» компаниясының Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асыруда.
AYALA қорының негізін қалаушы әрі президенті Айдан Сүлейменованың айтуынша, аналардың өмірі мен денсаулығын қорғау – қор қызметінің басты бағыттарының бірі.
2024 жылы қор Қазақстандағы алғашқы халықаралық акушерлер конгресін ұйымдастырған. Кейінгі екі жыл ішінде серіктестердің қолдауымен еліміздегі мемлекеттік перзентханалар мен жедел жәрдем қызметтеріне акушерлік қан кету кезінде қолданылатын шокқа қарсы арнайы киімнің 350 жиынтығы берілген. Оның 14-і Атырау облысының медициналық мекемелеріне жеткізілген.
Бұған дейін өңірде акушерлік қан кету кезінде шұғыл көмек көрсету бойынша тәжірибелік сабақтар өткізілген болатын. Биыл бұл жұмыс халықаралық маманның қатысуымен жалғасып отыр.
«Біз үшін жүктілік пен босанудың ең ауыр жағдайларының өзінде дәрігерлердің әйел өмірін сақтап қана қоймай, оның болашақта қайтадан ана атану мүмкіндігін де сақтауы аса маңызды», – деді Айдан Сүлейменова.
Халықаралық тәжірибе алмасу өңір дәрігерлерінің кәсіби біліктілігін жетілдіруге, күрделі босану жағдайларындағы медициналық көмектің тиімділігін арттыруға және ана денсаулығын қорғау жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді.



