Түркістан облысында импортты алмастыру бағытында жалпы құны 179,2 млрд теңгені құрайтын 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Қазіргі таңда тағы 574,8 млрд теңгеге бағаланған 46 жоба іске асырылып жатыр. Осылайша, өңірде отандық өндірісті дамытуға бағытталған 95 инвестициялық жоба қолға алынған.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында белгілі болды. Отандық өндірісті дамыту және жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мәселелері қаралған жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бейнебайланыс арқылы қатысты.
Үкімет отырысында Мемлекет басшысының отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және мемлекеттік сатып алу арқылы жергілікті кәсіпорындарға кепілді сұраныс қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларына ерекше назар аударылды.
Өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі айтарлықтай өскен. 2026 жылдың алғашқы 10 айында өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің құны 1 трлн 513,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,8 пайызға артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 763,6 млрд теңгені құрап, 33,4 пайыздық өсім көрсетті.
Қазіргі таңда облыста жалпы аумағы 1450 гектар болатын 5 өнеркәсіптік экономикалық аймақ және 1931 гектар жерді қамтитын 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Бұл аумақтарда жалпы құны 1 трлн 22,2 млрд теңгеге бағаланған 142 өндірістік жоба жүзеге асырылуда.
Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында өңірде 29 шағын өндірістік парк құрылған. Онда жоспарланған 275 өндірістік ғимараттың 164-і пайдалануға беріліп, 107 жоба іске қосылды. Дайын инфрақұрылым инвесторларға өндірісті қысқа мерзімде бастап, бастапқы шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Импортты алмастыру бағытында да нақты нәтижелер бар. Облыста жүгеріні терең өңдеу, сусындар, тоқыма өнімдері, ламинат, тоңазытқыш жабдықтары, газ қазандықтары, бір реттік ыдыстар мен алюминий бұйымдарын шығаратын өндірістер іске қосылған.
Жүргізілген талдау нәтижесінде өңірде бұрын сырттан жеткізілген бірқатар тауарды жергілікті жерде өндіру мүмкіндігі анықталды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникасы, күнбағыс майы, кондитерлік өнімдер, ет, сүт, балық және тоқыма бұйымдары бойынша 153,8 млн АҚШ долларына бағаланған импортты алмастыру әлеуеті бар.
Сонымен қатар жергілікті азық-түлік өндірушілерін қолдау жұмыстары күшейтілген. Облыста осы салада 21 ірі және 114 орта кәсіпорын жұмыс істейді. Биылғы тоғыз айда ірі кәсіпорындар 150,1 млрд теңгенің өнімін өндіріп, көрсеткішті 21 пайызға арттырған.
Отандық өнімдердің сауда сөрелеріндегі үлесін ұлғайту мақсатында базарлармен және 70 ірі супермаркетпен меморандумдар жасалды. Келісімдерге сәйкес, сауда орындарындағы жергілікті азық-түлік өнімдерінің үлесі кемінде 50 пайыз болуы тиіс. Ал бюджет есебінен қаржыландырылатын әлеуметтік мекемелерді азық-түлікпен қамтамасыз етуде жергілікті өнімдердің қазіргі үлесі 29,5 пайызды құрайды.
Өңірде қолға алынған инвестициялық бастамалар өндіріс көлемін ұлғайтуға, импортқа тәуелділікті төмендетуге және жергілікті кәсіпорындардың ішкі нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.



