Түркістан облысының Жетісай ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және экспорттау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Асықата кентіндегі индустриялық аймақта жалпы құны 15,6 миллиард теңге болатын заманауи жеміс-көкөніс сақтау қоймасы мен өнеркәсіптік жылыжай кешені бой көтермек.
Жобаны Түркияның ауыл шаруашылығы саласында тәжірибесі бар инвесторлары құрған «MIR AGRO KZ» ЖШС жүзеге асыруда. Осыған байланысты Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров компания құрылтайшысы Факуруллах Горкемогльумен кездесіп, инвестициялық жобаның іске асырылу барысын талқылады.
Кездесу барысында құрылыс жұмыстарының қазіргі жағдайы, жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспары және алдағы міндеттер қаралды. Өңір басшысы инвесторларға заманауи технологияларды енгізу, құрылыс сапасын қамтамасыз ету және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелеріне басымдық беруді тапсырды.
Сонымен қатар жауапты басқармалар мен аудан әкімдігіне инвестициялық жобаның жүзеге асырылуына қажетті қолдау көрсетіп, туындайтын мәселелерді жедел шешу міндеті жүктелді.
– Бүгінгі кездесу – жобаны іске асырудың алдағы қадамдарын талқылау үшін қолайлы мүмкіндік. Жобаны іске асыруға қажетті рәсімдерді аяқтап, оны нақты іске асыру кезеңін бастауға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз. Жобаның сәтті жүзеге асырылуы Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосады деп сенеміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Жоба аясында сыйымдылығы 8 мың тонна болатын жеміс-көкөніс сақтау қоймасы салынады. Ал өнеркәсіптік жылыжайда жылына 6 600 тоннаға дейін құлпынай өндіру жоспарланып отыр. Кешен толық іске қосылған жағдайда 30 тұрақты және 100 маусымдық жұмыс орны ашылады.
Инвестициялық жобаны 2026–2027 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асыру көзделген. Алғашқы кезеңде 8 мың тонналық қойманың құрылысы басталған. Оны 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Келесі кезеңде өнеркәсіптік жылыжай кешенінің құрылысы қолға алынбақ.
Жаңа нысандарда жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін сақтау, сұрыптау және қаптау жұмыстары заманауи технологиялар арқылы жүргізіледі. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын сақтауға, сақтау мерзімін ұзартуға және экспортқа шығарылатын тауар көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жоба аясында жергілікті мамандарды заманауи агротехнологияларға оқыту қарастырылған. Бұл өңірде жаңа өндірістік тәжірибені қалыптастыруға және ауыл шаруашылығы саласындағы мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға ықпал етпек.
Айта кетейік, «MIR AGRO KZ» ЖШС 2025 жылы Түркияның «Görkem Tarim» компаниясының бастамасымен құрылған. Анталия провинциясында жұмыс істейтін кәсіпорынның басқаруында 10 мың шаршы метрден астам жеміс-көкөніс сақтау қоймалары, өнімдерді сұрыптау және қаптау өндірістері, пластикалық жәшік шығаратын кәсіпорын, сондай-ақ бақтар мен жылыжайлар бар.
Жалпы құны 15,6 миллиард теңгені құрайтын бұл жоба Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңірек өңдеуге, экспорттық нарықты кеңейтуге және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған.



