Түркістан облысының спортшылары Үндістанда өткен армрестлингтен әлем чемпионатында 17 алтын медаль жеңіп алды. «Шардара Армспорт» клубының өкілдері халықаралық додада жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстан ұлттық құрамасының жалпыкомандалық есепте топ жаруына елеулі үлес қосты.
Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен әлем чемпионатына 63 мемлекеттен 1700-ден астам спортшы қатысты. Әлемнің үздік қол күрес шеберлері бас қосқан байрақты бәсекеде шардаралық спортшылар қарсыластарынан басым түсіп, түрлі санаттар бойынша 17 мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Әсіресе, ересектер арасындағы жарыста жерлестеріміз ерекше көзге түсті. Қазақстан ұлттық құрамасы аталған санатта 10 алтын медаль иеленсе, оның жетеуін «Шардара Армспорт» клубының спортшылары жеңіп алды. Осылайша, ел құрамасының ересектер арасындағы алтын жүлделерінің 70 пайызы шардаралық спортшылардың еншісіне тиді.
Бұл жетістік – спортшылардың табанды еңбегі мен бапкерлердің жүйелі дайындығының нәтижесі. Әлемнің ондаған елінен келген қарсыластармен бәсекеде үздік шығу жоғары кәсіби шеберлікті, төзімділік пен тыңғылықты дайындықты талап етеді.
Шардара өңірі еліміздегі армрестлинг спортының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Жергілікті клубтың халықаралық жарыстардағы нәтижелері ауданның спорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, жас спортшыларға да үлгі болуда.
Нью-Делидегі дүбірлі додада қол жеткізілген жеңіс Түркістан облысының спорт саласындағы маңызды жетістіктерінің бірі болды. Шардаралық спортшылардың нәтижесі өңірде армрестлинг мектебінің қалыптасқанын және оның әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.



